Accessibility links

"Порнография болмаған заманда 10-15 баладан туған". Қырғызстанда порносайттарды жабу идеясы қызу талқыға түсті


Қырғызстан парламентінің ғимараты.
Қырғызстан парламентінің ғимараты.

Қырғызстан парламенті поросайттарға тыйым салу және оларды провайдерлер деңгейінде жабу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жуық арада депутаттар құжаттың нақтыланған жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығармақ.

Мәселе парламентте қызу талқыланды. Депутаттар порнография ислам және қырғыз халқының құндылықтарына сәйкес еместігі жөнінде көп айтты. Одан бөлек, порнографиясыз елде туу көрсеткіші күрт артатынын жеткізді.

Заң жобасы туралы бастама көтерген депутаттар порнографияға еркін қол жеткізу қырғыз халқының моральдық негіздеріне нұқсан келтіретінін, әсіресе жастарға ықпал етіп, қылмысты арттыратынын айтты. Олардың пікірінше, заң қырғыз азаматтарының адамгершілігі, денсаулығы мен психикасын қорғауға мүмкіндік береді.

– Ұлттық құндылықтарымызға сай келмейтін, келешек ұрпаққа зиян келтіретін мұндай әдепсіз істерге тосқауыл қоюға мүмкіндік жасап жатырмыз. Заңды қолдасаңыздар, бірінші қадам жасалады. Мұндай сайттардың барлығын бір күнде бұғаттай алмайтынымыз белгілі, бірақ бұл бірінші қадам, – деді депутат Марлен Маматалиев.

Депутат Марлен Маматалиев
Депутат Марлен Маматалиев

Депутат Аққұл Бердиев әріптесін қолдай сөйледі.

"Бұрын порнография болмаған заманда ата-бабамыз 10-15 баладан туған! Сондықтан бұған тыйым салу керек. Бұл жақсылыққа апармайды. Оған қоса, мұсылман принциптеріне де сәйкес келмейді. Мұндай видеоны көре беретін адамдар тез қартайып, ұмытшақ бола бастайды" деді ол.

Ал депутат Ысқақ Масалиев "ал менің ойымша, мұндайды жұрт көрсе керісінше, туу көрсеткіші артады" деді. Бірақ ол шектеуді қолдады.

"Бірақ шектеу қоды қолдаймын. Менің ойымша, бұл тұрғыда жауапкершілік мәселесін цифрлық немесе мәдениет министрлігі емес, білім министрлігі алуы керек деп ойлаймын. Біз әуелі ата-аналарды тәрбиелеуіміз керек, одан кейін олар өз балаларын тәрбиелейді" деді ол.

Парламент мақұлдаған заң жобасы порносайттардың "қара тізімін" жасап, интернет-провайдер деңгейінде порнографиялық контентті техникалық сүзгіден өзкізуді қарастырады. Заңды орындамаған провайдерлерге айыппұл салынады және лицензиясынан айырылады. Дегенмен жоба авторлары VPN заманында интернет-қолданушылар бірнеше қадам жасап-ақ бұғаттауды айналып өте алатынын мойындайды.

"Иә, байланыс операторлары белгілі бір сайттарды толық жаба алады. Бірақ байланыс операторлары VPN-ді айналып өте алмайды" делі Қырғызстан байланыс саласын қадағалау қызметі жетекшісінің орынбасары Азамат Асанов.

Порнографияға тыйым салуға қарсылар мұндай қадам ересектерге арналған видеоны жақсы көретін қолданушылардың ашуына тиіп, оларды VPN қолдануға мәжбүрлейді.

"Бәлкім, ересектерге пароль қолданатындай қылып рұқсат беруге болар? Егер қаласа, көре берсін. Әне, Жапонияда көріп жатыр және олар есінен адасып кеткен жоқ қой, дамып жатыр. Мейлі, үйінде отырып, өзін жұбатсын, демалсын. Ал сіздер тыйым салайын деп жатсыздар. Ал кенет ол соның орнына көшеге шығып, соны іздесе ше?" деді депутат Дастан Бекешов.

Педагогтар мен психологтар да бір ғана тыйыммен мәселе шешілмейді деп санайды. Олардың ойынша, жыныстық тәрбие, медиабілім және балалармен ашық әңгіме керек.

"Адамның табиғаты сондай: ол тыйым салынға жерге барады. Түсіндірмей тыйым салуға болмайды. Білім арқылы моральды енгізу керек. Бірақ егер порнография көп болса, егер адам соған әуес болса, онда бұл импотенция, либидоның азаюына апарып соқтырады" деді сексолог, психолог Айнұр Сағынбаева.

Оның айтуынша, кейбір елдерде бұрыннан порнографияларға тыйым салынған, бірақ жүз пайыздық нәтижеге жеткендері жоқ.

XS
SM
MD
LG