Сенатор Грэм мен Еурокомиссия басшысы Ресейге қарсы санкция мәселесін талқылады

АҚШ сенаторы Линдси Грэм. Киев, Украина, 30 мамыр, 2025 жыл.

АҚШ-тың республикашыл сенаторы, Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдату жөніндегі заң жобасы авторларының бірі Линдси Грэм дүйсенбі, 2 маусым күні Берлинде Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйенмен кездесті. Еурокомиссия баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде АҚШ пен Еуроодақтың санкциялық саясатын үйлестіру мәселесі қаралған.

Еурокомиссия жетекшісі Кремль тек күш танытып сөйлескенді түсінеді, сондықтан Ресейді Украинаға қарсы бастаған соғысын тоқтатуға және бітімге келуге көндіру үшін, оған қысымды күшейту қажет деген. Хабарламада айтылғандай, қазіргі таңда Еуроодақ Ресейдің энергия өнімдерін сатудан түсетін кірістеріне, "Солтүстік ағын" инфрақұрылымына және Ресейдің банк секторы қызметіне бағытталған 18-санкция пакетін дайындап жатыр. Бұдан бөлек, Фон дер Ляйен сенатор Грэммен Украинадан Ресейге заңсыз әкетілген украин балаларының мәселесін де талқылаған.

Мұның алдында, жексенбі, 1 маусым күні сенатор Линдси Грэм Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдату жөніндегі заң жобасының тағы бір авторы, демократ сенатор Ричард Блюментальмен бірге Парижде Франция президенті Эммануэль Макронмен кездескен еді. Оған дейін екі сенатор Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен де кездесіп қайтқан.

АҚШ-тың бұл екі сенаторы өздері әзірлеп ұсынған заң жобасын осыған дейін қабылданған ұқсас құжаттардың ішіндегі ең қатаң "жойқыны" деп сипаттайды. Мәселен, бұл заң жобасында Ресейден мұнай, газ және уран сатып алатын елдерге 500 пайызға тең баж салығын енгізу көзделген. Ондай мемлекеттер қатарында Қытай мен Үндістан бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БАҚ: Трамп Ресейге қарсы жаңа санкция енгізуді қарастырып жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамп әзірге бұл заң жобасына қолдау білдірген жоқ. Алайда екі партиядан 80-нен астам сенатор жобаны қолдап сөйлеген. Трамп Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдатуға әлі асықпайтынын, себебі Мәскеу бейбіт келісімге келуі мүмкін деген үміті барын айтты. Оның сөзінше, Ресей президенті Владимир Путиннің айқын ниеті алдағы екі апта ішінде белгілі болмақ. Ал АҚШ сенаторлары болса, Путин Трампты алдаусыратып, жаңа шабуыл операцияларына кірісу және Украина аумағынан тағы да жер басып алу үшін уақыт ұтқысы келеді деп есептейді.

АҚШ сенаты аталған заң жобасын талқылауды осы аптада бастауы мүмкін. Алайда оны республикашылдар бақылауындағы Өкілдер палатасы қолдай ма, жоқ па – әзірге белгісіз.

Your browser doesn’t support HTML5

Трамп Ресейге санкция сала ма?