БАҚ: АҚШ өзге елдерден тариф жайлы ұсынысты тезірек беруін талап етті

Балтимор порты, АҚШ, 10 сәуір, 2025 жыл.

АҚШ тарифтер туралы келісімге келуге ынталы елдерден өз ұсыныстарын сәрсенбіге дейін жіберуді талап еткен. Мұндай ақпаратты Reuters агенттігі хабарлады.

Агенттік деректеріне сүйенсек, АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі келіссөздерді 8 шілдеге дейін аяқтауды көздеп отыр, себебі дәл сол күні бұған дейін Ақ үй жаңа тарифтерді енгізуді кейінге қалдырған 90 күндік мерзім аяқталмақ. Қазіргі уақытқа дейін АҚШ тек Ұлыбританиямен негіздемелік келісімге қол жеткізген.

Қытайдың сауда министрлігі АҚШ-ты сауда келісімі жөніндегі бітімді елеулі түрде бұзды деп айыптап, өз мүддесін қорғау үшін батыл шаралар қабылдайтынын ескертті.

Министрлік АҚШ тарапы кейінгі апталарда бұған дейін Женевада өткен келіссөзде екі ел қол жеткізген өзара келісімді бұзатын және Пекиннің заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін бірқатар дискриминациялық шаралар қабылдаған деп мәлімдеді.

Қытайдың сауда министрлігі АҚШ тарапынан Huawei компаниясының чиптерін пайдалануға жол бермеу туралы үшінші елдерге жасалған ескертулерді, қытай компанияларына чип жобалау бағдарламаларын сатуды доғару шараларын және қытай студенттеріне америкалық виза беруден бас тарту қаупін атап өткен.